Ауыл

Ауыл жастары өнер көрсетті

  • Темір ауданына — 50 жыл

Н.Байғанин атындағы Темір аудандық Мәдениет үйінде ауылдың өнерлі жастары тұрғындарға «Жаңа леп» атты концерттік бағдарлама ұсынды.

Бұл концерт Темір ауданының қайта құрылғанына 50 жыл толуына орай жастардың арнайы тартуы болатын. Жаңашыл жастардың бірлесе ұйымдастырған концерті көрерменнің көңілінен шықты.

Концертті жас жүргізуші Мәди Нұралин мен аудандық кітапхана қызметкері Нұрбек Сұлтанғали жүргізді.

Кештің шымылдығы музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен композициялық шығармамен ашылды. Әрі қарай концертте жанды дауыста халық әндері және жаңа әндер шырқалды. Оларды ауданымызға танымал Нұрхан Рзағалиев, Гүлсана Қартбаева, Ұлданай Қартбаева, Аслан Нұралин, Асқар Мирас, Шыңғыс Темірлан сынды өнерлі жастар орындады. Жас өнерпаздарға музыкалық жетекшілік еткен аудандық Мәдениет үйінің қызметкері — Кенжебек Табынбайұлы.

Шараның соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрлыгүл Бердіханқызы құттықтау сөз сөйлеп, жастарға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ құрылғанына аз уақыт болса да, қайырымдылық шараларға атсалысып жүрген «100 dos» қоғамдық қоры талантты жастарға 250 мың теңгенің сертификатын тарту етті.

Назерке ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
Аудандық Мәдениет үйінің қызметкері.
Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button